Баянды ауылының тұрғыны Ақкүміс Дүйсенбаева өзі тұратын ауыл тарихына қатысты мұражай әзірледі. Болашақта ауыл туралы кітап жазуды жоспарлайтын апаймен сұхбаттасу үшін otpannews.kz тілшісі Баяндыға арнайы барды.
66 жастағы Ақкүміс Дүйсенбаева – Баянды ауылының алғашқы тұрғындарының бірі. Ауылға алғашында мұғалім болып жұмысқа орналасқан апай ауыл тарихы туралы сөз қозғады.
«Баянды ауылы бұрын “Аткөрім” аталды. Ол орыстың «от корм» сөзінен шыққан. Бұл ауыл 1973 жылы ауыл құрылды. Мен оқуды бітіріп келген жылы ауылда алғашқы мектеп ашылды, ең үлкені – 8 сынып еді. Мен сол 8 сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Ауыл 10 жылдан кейін “Баянды” аталды»,- дейді Ақкүміс апай.
Ақкүміс Сембайқызы қызмет еткен Баяндыдағы алғашқы мектеп бүгінде «Сұңқар» аула клубы ретінде жұмыс істеп тұр. Клуб ішінде апай жасаған ауыл мұражайы бар. Бұл мұражайда ауылдың құрылуына себеп болған әр адам, алғашқы тұрғын мен ең бірінші дәрігер, ең бірінші құқық қорғау қызметкерлері мен ауылдағы тұңғыш шаруалар туралы барлығы сақталған. Мұражайда арнайы жасалған 1973 жылғы ауылдың макеті де бар. Кабинеттің әр бұрышын тарихқа толтырған апайдың айтуынша, оның мұрағатында жүздеген адам туралы ақпарат сақтаулы. Алдағы уақытта ауыл тарихы туралы кітап жазуды жоспарлаған апай Баянды ауылының үлкейіп жатқанына қуанышты екенін айтты.
«Бұрын бұл ауылда тек 5 үй болды. Онда да бұл үйлер кейін салынды. Ең бірінші бұл ауылда қоралар бой көтерген. Мал бағу үшін малшыларды, шаруаларды арнайы алдырып, үйлер салынды. Ал енді бүгінде бұл ауылда 1400-ден астам үй мен 8 мыңнан астам тұрғын бар. Мен келгенде бұл ауылда бәрі жас еді. Тұрғындар шамамен 25-30 жаста болған. Бүгінде сол жандардың ішінен санаулы ғана адам қалды, бірақ олардың көзі болып, ұл-қыздары арамызда жүр. Сол кездегі алғашқы тұрғындар бүгінде 80-90 жасқа келіп қалды»,- деді Ақкүміс Сембайқызы.



