
Ақтөбе облысында арнайы білім беру ұйымдарының үздік педагогтері анықталды. «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі» республикалық байқауының облыстық кезеңіне өңірдегі арнайы және түзету білім беру ұйымдарынан 13 маман қатысты.
Байқау педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, заманауи әдіс-тәсілдерін таныстыруына және жетістіктерін көрсетуіне мүмкіндік берді. Олар күн сайын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қабілеттерін дамытуға, қоғамға бейімделуіне және сапалы білім алуына жағдай жасап келеді.
Байқау қорытындысы бойынша өз номинацияларында №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің психологі Жайсан Ибадуллаева мен «Ақбота» арнайы балабақшасының логопеді Гүлім Толепбергенова жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы олардың кәсіби шеберлігін, тиімді жұмыс тәжірибесін және педагогикалық жетістіктерін жоғары бағалады.
🇰🇿Енді бұл педагогтер республикалық кезеңде Ақтөбе облысының намысын қорғап, арнайы білім беру саласындағы еліміздің үздік мамандары атағы үшін бақ сынайды.
Мұндай байқаулар озық педагогикалық тәжірибені кеңінен насихаттауға, мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және ұстаз мамандығының беделін көтеруге ықпал етеді. Ал өңір педагогтерінің жетістіктері олардың өз ісіне деген адалдығы мен балаларға деген қамқорлығының жарқын көрінісі болып табылады.



