
Су – тіршілік көзі. Ал оны үнемдеп пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы маңызды мәселенің шешімін табуға талпынған М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы Қабидолла Айдын «EcoWater» атты экологиялық таза ақылды суару жүйесін жасап шығарды.
Жас өнертапқыштың жобасы Arduino платформасы негізінде әзірленген. Жүйе топырақтағы ылғалдылық деңгейін автоматты түрде анықтап, өсімдікке қажетті мөлшерде ғана су береді. Нәтижесінде су ресурстары үнемделіп, табиғи байлықтарды тиімді пайдалануға және өсімдіктердің сапалы өсуіне қолайлы жағдай жасалады.
Жобаның басты ерекшелігі – суару процесінің толық автоматтандырылуы мен экологиялық тиімділігі. Дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда «EcoWater» жүйесі судың артық жұмсалуын азайтып, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұл жаңашыл жоба ауыл шаруашылығында, жылыжайларда, саябақтарда және тұрмыстық бақша шаруашылығында кеңінен қолдануға лайық. Жоба қазіргі таңда су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тиімді әрі қолжетімді технологиялардың бірі ретінде бағалануда.
Жобаның ғылыми жетекшісі – М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог – 2023» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері – 2024» атақтарының иегері Сабыржан Жилгельдин.
«Қазіргі таңда су ресурстарын ұтымды пайдалану – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Айдынның жобасы осы бағыттағы нақты шешімдердің бірі. Ең бастысы – оқушы мәселені көріп қана қоймай, оны шешудің ғылыми-техникалық жолын ұсынды. Бұл – болашақ инженерлер мен ғалымдардың қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі», – дейді жетекшісі.
Қабидолла Айдынның «EcoWater» жобасы – ғылым мен технологияны экологиямен ұштастырған, табиғатты қорғауға бағытталған бастама.



