
Шардара өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың қатарында еңбек ардагері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Егемберді Дүйсеновтің орны ерекше. Өмір жолын құрылыс саласымен байланыстырған білікті инженердің есімі аудан тарихындағы көптеген іргелі жобалармен тығыз астасып жатыр.
Егемберді Дүйсенов 1944 жылдың 11 мамырында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Фрунзе қаласындағы политехникалық институтты құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық жылжымалы механикаландырылған колоннасында прораб болып бастады. Қысқа уақыт ішінде өзінің кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін танытып, өндірістік-техникалық бөлімнің жетекшісі, бас инженер және тресттің техникалық бөлімінің басшысы қызметтеріне дейін көтерілді.
1974 жылдан бастап Қызылқұм алқабын игеру жұмыстарына белсене араласып, «Құрылып жатқан кәсіпорындар дирекциясында» бас инженер, кейіннен директор қызметтерін атқарды. Бұл мекеме сол кезеңдегі бүкілодақтық маңызы бар құрылыс нысандарын қаржыландыру, жобалау, үйлестіру және бақылау жұмыстарын жүзеге асыратын ірі құрылымдардың бірі еді. Егемберді Дүйсенов осындай жауапкершілігі жоғары қызметтерді абыроймен атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
1984 жылдан бастап Шардарадағы құрылыс материалдары комбинатында бас инженер, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін аудандық партия комитетінде құрылыс саласы бойынша инструктор болып еңбек етіп, аудандағы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі жүйелі жүргізілуіне ықпал етті. Сондай-ақ аудандық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының құрылыс және су шаруашылығы жөніндегі орынбасары ретінде су шаруашылығы мен инфрақұрылым салаларындағы маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.
Тәуелсіздік жылдарында да өз мамандығына адал болып, аудан көлемінде салынған көптеген нысандардың техникалық қадағалаушысы қызметін атқарды. 2004-2009 жылдары Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында «Шардара тоғаны» нысанында бас инженер болып қызмет атқарды. Осы кезеңде Шардара су электр стансасының су тастау қондырғыларын қайта жаңғырту барысында өндірістің тоқтап қалмауына бағытталған тиімді инженерлік ұсыныстар енгізіп, жоғары кәсібилігін дәлелдеді.
Осы еңбектері үшін ол 2005 және 2007 жылдары Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитетінің Мақтау грамоталарымен марапатталды. Ал 2009-2012 жылдары еліміздегі аса маңызды гидротехникалық нысандардың бірі – Көксарай су реттегішінің құрылысына қатысып, авторлық қадағалау жұмыстарын жүргізді. Осы кезеңде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды.
2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Шардара су бөгетін реконструкциялау және оның сейсмотұрақтылығын арттыру» жобасында авторлық қадағалаушы ретінде қызмет атқарып келеді. Бұл – оның мол тәжірибесі мен кәсіби беделінің айқын дәлелі.
Егемберді Дүйсеновтің қатысуымен Қызылқұм өңірінде ондаған мың гектар суармалы жер игеріліп, жаңа шаруашылықтар құрылды. Оның инженерлік шешімдері мен ұйымдастырушылық қабілеті өңірдің ауыл шаруашылығы мен экономикасының дамуына елеулі ықпал етті.
Қоғамдық өмірден де шет қалмаған ардагер жастарға тәлім-тәрбие беріп, өз тәжірибесін кейінгі буынға үйретуді азаматтық парызы санайды. Шардара қаласындағы ардагерлер ұйымының жұмыстарына белсенді қатысып, өңірдің қоғамдық мәселелеріне қатысты өзіндік пікірін білдіріп келеді.
Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген абзал әке бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған ардақты қария. Оның өмір жолы – адал еңбек пен кәсіби шеберліктің, елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Ел игілігі жолындағы ұзақ жылдық еңбегімен құрметке бөленген еңбек ардагері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Егемберді Дүйсеновтің өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін әрдайым тағылым мектебі болып қала береді. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен ұрпақтарының қуанышын көре беруін тілейміз.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.



