
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Конституция нормаларын іске асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңға қол қойды.
1. Қазақстанда Вице-президент қызметі енгізіледі
Қабылданған заңдардың ең маңызды жаңалығының бірі – Вице-президент институтының құрылуы.
Жаңа лауазым иесі Президенттің тапсырмаларын орындап, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүддесін білдіретін болады.
2. Құрылтай заң шығарушы органға айналады
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға сәйкес, Құрылтай елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болады.
Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Сонымен қатар Құрылтай Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын тағайындауға келісім беру және Президент сайлауын тағайындау сияқты маңызды өкілеттіктерге ие болады.
3. Қыркүйекте Қазақстан Халық кеңесі құрылады
Президент қол қойған тағы бір құжат – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Бұл орган жоғары консультативтік құрылым мәртебесіне ие болады.
Халық кеңесі азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға бағытталған. Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және республикалық референдум өткізуді ұсынуға құқылы болады.
Кеңес құрамына этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіретін 42 адам енеді. Оларды Президент бекітеді. Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елорданың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты конституциялық заңдарға да қол қойды. Құжаттарда астананы дамыту, жергілікті басқару органдарының өкілеттіктері және әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру мен өзгерту тәртібі нақтыланған.



