
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Корея импорттаушылар қауымдастығының (KOIMA) төрағасы Юн Ён Мимен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында орта және жоғары деңгейде өңделген қазақстандық экспорттық өнімдерді Корея Республикасының нарығына ілгерілету, халықаралық сауданы қолдау саласындағы бейінді институттар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ қазақстандық өндірушілер мен кореялық импорттаушылар арасында тікелей байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Екі тарап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына алдағы сапарына және кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған іскерлік іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, бірлескен бастамаларды іске асыру және екіжақты диалогты жалғастыруға ниеттерін растады.



