
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратовтың халықпен есептік кездесуі Абай ауылдық округінде жалғасты. Жиын барысында округ әкімі ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар есебін ұсынды.
Есепті кезеңде Абай және Тассай ауылдарында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық қалдықтар уақтылы шығарылған. Сондай-ақ қыс мезгілінде ауылішілік және кіреберіс жолдарды қардан тазарту жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылды.
Инфрақұрылымды дамыту аясында көше жарығы бағаналары жаңартылып, 13 бейнебақылау камерасы жөндеуден өтті. Мұнымен қоса, тұрғындардың малын ұйымдасқан түрде бағу мәселесі шешіліп, бақташы бекітілді. Қазіргі таңда Абай ауылында мал қорымын салу жұмыстары қолға алынуда.
Ауылдық округте алдағы уақытта да бірнеше ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында ауыз су жүйесін жақсарту мақсатында қосымша ұңғыма қазу, 9 шақырымдық су желісінің құрылысын аяқтау, мектеп ғимаратына жөндеу жүргізу және Тассай ауылын газдандыру мәселесі бар.
Ауыл тұрғындары медициналық қызмет көрсету сапасы, ауыз су мен электр желілерінің жайы, жол қауіпсіздігі, елді мекенді көгалдандыру және балаларға арналған спорттық үйірмелер ашу мәселелерін көтерді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен сауалдар назарға алынғанын, олардың заңнама шеңберінде кезең-кезеңімен шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.



