
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратовтың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеп беру кездесуі Бөгетсай ауылдық округінде өтті.
Кездесу барысында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар айтылды. Соңғы уақытта Бөгетсай ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асқан.
Ауылға кіреберістегі көпірдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, заманауи футбол алаңы ауыл жастарының игілігіне қызмет етуде. Дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп, Қарлау ауылындағы медициналық пункт газ жүйесіне қосылды. Сонымен қатар бірнеше көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, ауыл көшелеріне 23 бейнебақылау камералары орнатылған.
Жеке кәсіпкерлердің бастамасымен жаңа балабақша мен азық-түлік дүкені ашылып, ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «Бірлік» саябағы бой көтерді. Қазіргі таңда ветеринарлық пункт пен мал ұстайтын расколдың құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар үшін салынған екі пәтерлі үш тұрғын үйді биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесуде алдағы жоспарлар да таныстырылды. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру, мектеп-гимназияға кіреберіс жол мен автотұрақ салу, жаяу жүргіншілер көпірін жөндеу, өрт сөндіру бекетін салу және газ желілерін жаңғырту көзделген.
Жиын соңында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Қарлау ауылының тұрғыны электр есептегіш құралын тұрғын үй маңына көшіру мәселесін көтерсе, Бөгетсай ауылының тұрғындары «Бірлік» саябағына сахна орнату, Божырға баратын жолға су себу және Самара–Шымкент тасжолы бойындағы аумақты тазалау мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен сауалдарға жауап беріп, олардың кезең-кезеңімен қарастырылатынын атап өтті.



