
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратовтың кезекті жұмыс сапары Тассай ауылында өтіп, тұрғындармен кездесу барысында ауылдың даму мәселелері мен атқарылған жұмыстар талқыланды.
Кездесу барысында ауыл әкімі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ауылдағы электр желілері толық жаңартылып, бағаналар ауыстырылуда. Әуе желілері кабельдік жүйеге көшіріліп жатыр. Жобаны күз мезгілінде толық аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, 2026 жылдың екінші жартыжылдығында Ақжар–Тассай кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұрын пайдаланылмай қалған суармалы егістік жерлер қайта айналымға енгізіліп, бау-бақша шаруашылығын дамыту қолға алынған. Қазіргі уақытта екі кәсіпкер жалпы аумағы 20 гектар жерге бау-бақша отырғызу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, Тассай демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Жеке қаражат есебінен тұрғын үй құрылысы да қарқын алған: өткен жылы үш үй пайдалануға берілсе, биыл тағы екі үйдің құрылысы жоспарланған.
Әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Өткен жылы ауылдық мәдениет үйі мен әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақ көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі көтерілген мәселелерге жауап беріп, кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, жер мәселесіне қатысты өтініштерді қарады.



