Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов Дөң ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында округ әкімі Ербол Аққұлов атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Есеп барысында Оңғар ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отырғаны айтылды. Сонымен қатар, ескі мектеп ғимараты бұзылып, аумағы толық тазартылған.
Дөң ауылында қауіпсіздікті күшейту мақсатында 17 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ауылды көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Өткен күзде 4000 түп тал егілсе, биыл көктемде тағы 600 түп көшет отырғызылған.
Сондай-ақ, ауылдағы газ желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешені ағымдағы жөндеуден өткен.
Кездесу барысында тұрғындар аудан және округ әкімдеріне өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, жайылым жер тапшылығы, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, Дөң–Сарысай бағытындағы тасжолдың жағдайы және жаңа Мәдениет үйінің құрылысы сөз болды.
Бұдан бөлек, тұрғындар газ қысымының төмендігіне, ауыз су сапасына, су жүйесіндегі мәселелерге, бұлаққа апаратын жолдың жай-күйіне қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, мешіт мәселесі мен білім саласына байланысты ұсыныстар да көтерілді.
Кездесу соңында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшылары мен жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.




