ҚЫЗЫЛСУДА 11 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

    aktobe-hromtau·
    ҚЫЗЫЛСУДА 11 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

    Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов Қызылсу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылады. Кездесу Қызылсу және Сарысай ауылдарында өтіп, оған жергілікті тұрғындар, салалық бөлім басшылары мен мекеме өкілдері қатысты.

    Жиын барысында округ әкімі есепті баяндама жасап, ауылдық округте жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға тоқталды. Соңғы екі жылда Қызылсу ауылдық округінің инфрақұрылымдық дамуына бюджеттен 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, бірқатар маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

    Атап айтқанда, өткен жылы басталған Қызылсу ауылының кіреберісіндегі 11 шақырымдық автокөлік жолының құрылысы биыл тамыз айында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар қыс мезгілінде ауылішілік және кіреберіс жолдарды қардан тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, мердігер мекеме өз міндетін толық атқарғаны айтылды.

    Сарысай ауылында спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тозған қоршаулар темір конструкциялармен ауыстырылған. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін ауылда ветеринариялық станция мен мал қорымын салу жоспарланып отыр.

    Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, тұрғындар аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ауылішілік жолдарды асфальттау, теміржол бойындағы қауіпсіздік, жайылымдық жерлердің бүлінуі, ұялы байланыс сапасы, ветеринар мамандар тапшылығы, спорт кешенін салу және мал өнімдерін өткізетін орындардың қажеттілігі секілді мәселелер көтерілді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.