
Ақтау қаласында құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері арасында «BATYR TEAM» Кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан Маңғыстау облысының чемпионаты аяқталды.
Жарысқа өңірдің түрлі құқық қорғау және арнайы бөлімшелерінің өкілдері қатысты. Тартысты өткен жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаментінің намысын қорғаған ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубының спортшылары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.
Турнир бойы полиция қызметкерлері түрлі салмақ дәрежелерінде сенімді өнер көрсетіп, тамаша дене дайындығын, жауынгерлік шеберлігін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін паш етті. Бірқатар спортшы финалға шығып, жүлделі орындарға ие болды.
Қол жеткізілген нәтиже полиция қызметкерлерінің кәсіби және дене дайындығының жоғары деңгейінің, сондай-ақ қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігінің дәлелі болды.
Чемпионаттағы жеңіс — бұл тек спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығының көрсеткіші.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті жеңімпаздарды лайықты табыстарымен құттықтайды және спортта да, қызметте де жаңа жетістіктер тілейді.



