
Қазақстанда аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Таңбалаудың негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушыларды контрафактілік өнімдерден қорғау және адал бизнес үшін тең бәсекелестік жағдай қалыптастыру.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №518 бұйрығымен бекітілген Аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау қағидаларына сәйкес міндетті таңбалауға жататын аяқ киім өнімдерінің әрбір жұбына бірегей DataMatrix сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкі тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Таңбалау жүйесі аяқ киім тауарларының айналымының барлық кезеңдерінде бақылауды қамтамасыз етеді. Тауарды өндіру, әкелу, сақтау, өткізу және айналымнан шығару туралы мәліметтер Тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркеледі. Бұл өз кезегінде заңсыз өнімдердің нарыққа түсу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
Тұтынушылар үшін таңбалау тауардың сапасы мен түпнұсқалығын растаудың қосымша кепілі болып табылады. Арнайы қосымшалар мен тексеру құралдары арқылы азаматтар сатып алатын өнімнің заңдылығын тексеріп, тауар туралы қажетті ақпаратты ала алады.
Аяқ киім тауарларының айналымына қатысушылар – өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда субъектілері таңбалау және қадағалау жөніндегі заңнама талаптарын сақтауға міндетті. Таңбаланбаған аяқ киім өнімдерін өткізуге жол берілмейді.
Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді тауарларды таңбалау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға шақырады. Белгіленген талаптарды адал орындау заңды бизнестің дамуына, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ел экономикасының ашықтығын арттыруға ықпал етеді.



