
Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында қуанышты сәт орын алды. 29 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды.
Жаңа баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Қоныс тойының қуанышын бөлісуге аудан тұрғындары, ардагерлер қатысты.
Шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтады. Баспананың әрбір отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасарын атап өтті.
– Баспана – әр шаңырақтың берекесі мен бақытының бастауы. Бүгінгі қоныс тойы – мемлекетіміздің әлеуметтік қолдау саясатының нақты нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп келеді. Соның нәтижесінде ауданымызда да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ізгі тілегін білдіріп, жаңа қоныс иелеріне амандық пен бақ-береке тіледі.
Шара барысында баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті.
Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде айқындалады.
Бүгінде Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған сайын бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталмақ. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылуда.



