Балалардың қауіпсіз демалысы – ерекше бақылауда

    emer-vko·
    Балалардың қауіпсіз демалысы – ерекше бақылауда

    Шығыс Қазақстан облысында жазғы маусымға балаларды сауықтыру ұйымдарын дайындау жұмыстары жалғасуда. Өрт қауіпсіздігі мен су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында.

    БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ШҚО Білім басқармасының өкілдері биыл облыс аумағында 12 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның ішінде 8-і мемлекеттік, 4-і жекеменшік. Жазғы кезеңде бұл лагерлерде 10,6 мыңнан астам оқушының демалуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірде 276 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарының базасында тамақтандырусыз жұмыс істейтін 226 бейіндік алаң бар. Олардың жалпы қамтылуы – 59 736 бала.

    Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында сауықтыру лагерлерін қабылдау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамына ШҚО ТЖД өкілдері де енгізілген. Бүгінгі күні комиссиялық тексерулер 9 лагерьде жүргізілді, ал қалған 3 нысан жақын арада тексеріледі. Барлық қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында қажетті жөндеу және дайындық жұмыстары жүргізіліп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар алынды.

    Су айдындарындағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы су айдындарының маңында орналасқан және жағажай аумақтары бар төрт балаларды сауықтыру орталығында – «Балауса», «Жігер», «Балақай» және «Приморск» лагерьлерінде ШҚО ТЖД қызметкерлері шомылуға арналған орындарды белгілеп, сүңгуірлік тексерулер жүргізіп, акваторияларды тазартты. Сонымен қатар құтқару құралдарының болуы мен жай-күйіне, сондай-ақ судағы қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық стендтердің жағдайына мониторинг жүргізілуде.

    ШҚО ТЖД мамандары өрт автоматикасы жүйелерінің жай-күйін, нысандардың бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуін, электр жабдықтарының жарамдылығын және эвакуациялық жолдардың жағдайын тексерді. Лагерь басшыларына анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар берілуде.

    ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының аға инженері Мадина Сейтқамзаның айтуынша, балаларды сауықтыру ұйымдарының басшылары өрт дабылы мен хабарлау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, өрт сөндіргіштер мен өрт қалқандарының болуын қадағалауы, электр сымдары мен электр жабдықтарының жағдайын тексеруі, сондай-ақ эвакуациялық шығу жолдарының бітелуіне жол бермеуі қажет.

    – Балалардың қауіпсіздігі – басты міндет. Жазғы демалыс нысандарының барлығы өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы тиіс. Бұл төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтып, балалардың лагерлерде қауіпсіз демалуын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Мадина Сейтқамза.

    ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жаз мезгілінде балалардың қатысуымен болатын оқиғалардың жиі тіркелетінін атап өтті.

    Жазда балалардың көпшілігі уақытын сыртта өткізеді, велосипед пен самокат тебеді, су айдындарының жағасында демалады және кейде ересектердің тұрақты бақылауынсыз қалады. Балалар жарақаттарының басым бөлігі төтенше жағдайлардың салдарынан емес, күнделікті өмірдегі қарапайым жағдайларда орын алады.

    Дәрігерлер ата-аналарға балалардың денсаулығын сақтауға, жарақаттанудың алдын алуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты кеңестер берді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.