
Павлодар облысында 18 мамыр мен 8 маусым аралығында өткен республикалық «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз» акциясының қорытындысы шығарылды. Өңірде полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдар бір мақсат жолында күш біріктірді — әйелдер мен балаларды қорғау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару.
Акция аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ондаған кездесу, дөңгелек үстел және ашық қабылдаулар ұйымдастырды. Өңір тұрғындары заңгерлерден, психологтардан және полиция қызметкерлерінен тікелей кеңес алып, қиын жағдайларда қорғану мен көмек алудың нақты тетіктері туралы ақпарат алды.
Акцияның жарқын қорытындысы ретінде Павлодар қаласындағы Достық үйінің алдында ауқымды флешмоб өтті. Іс-шараға полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, Аналар кеңесінің мүшелері, Жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғамда орын жоқ екенін және отбасы қауіпсіздігі – баршаға ортақ құндылық екенін білдірді.
Ұйымдастырушылар акцияның аяқталуы атқарылып жатқан жұмыстың тоқтағанын білдірмейтінін атап өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессияға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары күнделікті негізде жалғасуда.
Павлодар облысы полиция департаменті еске салады: егер сіз немесе жақындарыңыз отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмаңыз. «102» арнасына немесе сенім телефондарына дер кезінде хабарласу адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.



