Эбола қызбасының алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы өткізілді

    departament-kkbtu-na-transporte·
    Эбола қызбасының алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы өткізілді

    2026 жылғы 29 мамырда Ақтау теңіз порты санитариялық-карантиндік бақылау бөлімінің мамандары Ақтау теңіз портының Шекаралық бақылау бөлімінің қызметкерлері арасында Эбола қызбасының алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын өткізді. Іс-шараның мақсаты қызметкерлердің аса қауіпті инфекциялық аурулар туралы хабардарлығын арттыру, аурудың алдын алу шараларын түсіндіру және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Кездесу барысында мамандар Эбола қызбасының эпидемиологиялық ерекшеліктері, жұғу жолдары, клиникалық белгілері және алдын алу шаралары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, аурудың алғашқы белгілері ретінде дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, бас ауруы, жүрек айну, құсу және іш өту белгілері түсіндірілді. Сонымен қатар, дерттің асқынған жағдайында қан кету, ішкі ағзалардың зақымдануы және ағза қызметінің жеткіліксіздігі байқалуы мүмкін екендігі айтылды. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылатыны және науқастың алғашқы белгілер пайда болған сәттен бастап айналасындағыларға жұқтыру қаупі бар екендігі түсіндірілді. Мамандар әсіресе науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған кезде және санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған жағдайда жұқтыру қаупі жоғары болатынына назар аударды. Сондай-ақ Эбола қызбасының табиғи ошақтары тіркелген Африка елдеріне сапарлау кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігі атап өтілді. Қатысушыларға жеке қорғану шараларын сақтау, инфекция көзі болуы мүмкін жағдайлардан сақтану және эпидемиологиялық қолайсыз аймақтардан келгеннен кейін денсаулық жағдайындағы өзгерістерге мұқият қарау қажеттілігі түсіндірілді. Іс-шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылды.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.