
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа тұрақты комиссия төрағасы Е. Салықов төрағалық етті. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов, облыстық мәслихат депутаттары, құзырлы мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде облыс аумағындағы экологиялық мәселелер талқыланды. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстың мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы ауданы 224,7 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 88,7 мың гектары орманмен қамтылған. 2025 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған барлық профилактикалық іс-шаралар толық орындалды. Бүгінде облыста Орал және Ақсай қалаларында қоқыс сұрыптау кешендері жұмыс жасап, 3 кәсіпорын қалдықтарды өңдеумен тұрақты түрде айналысуда .
Жалпы, Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық жағдай тұрақты сипатқа ие және өңір еліміздің экологиялық тұрғыдан қолайлы аймақтарының бірі болып саналады. Дегенмен, атмосфералық ауаға таралатын шығарындылар, су нысандарына төгінділер және өндірістік-тұрмыстық қалдықтар экологиялық жағдайға әсер ететін негізгі факторлар қатарында қалып отыр. Осыған байланысты облыста қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны жеткізілді. Отырыс барысында депутаттар тарапынан бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу және елді мекендерде санитарлық-экологиялық қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жүйелі шараларды күшейту қажеттігі көтерілді.
Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысына қатысты туындаған барлық мәселелерді кешенді түрде қамтитын арнайы Жол картасын әзірлеу мәселесі назарға алынды. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды.



