Арманнан басталған адал қызмет жолы

    duis-mangystau·

    Полиция күні қарсаңында ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №43 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Бердішев Ғабит Ыдырысұлы.

    Ғабит Ыдырысұлының өмір жолына үңілсек, оның бала күнгі арманы ұстаз болу еді. Ол әрдайым адамдарға білім беріп, бағыт-бағдар көрсетуді, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосуды мақсат тұтқан. Алайда тағдыр оны басқа салаға жетеледі. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметті таңдаған ол өзінің басты мұратын – адамға көмектесу мен оның өміріне оң өзгеріс енгізуді осы мамандық арқылы жүзеге асырып келеді.

    Қызмет жолын қарапайым қызметкер ретінде бастаған ол жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында басшылық лауазымға дейін көтерілді. Бүгінде ол сотталған азаматтарды тәрбиелеу, олардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру және қоғамға қайта бейімдеу бағытындағы маңызды жұмыстарды үйлестіріп келеді.

    Ғабит Ыдырысұлының пікірінше, қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәрбие жұмысы тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Ең бастысы – адамның бойындағы үмітті оятып, оның өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал ету.

    Оның жадында ерекше сақталған оқиғалардың бірі осы сөздердің айқын дәлелі.

    Бірнеше жыл бұрын мекемеге жас азамат жазасын өтеуге келеді. Ол жақындарымен қарым-қатынасын үзген, болашағына сенімсіз, ешкіммен араласқысы келмейтін тұйық күйде болатын. Тәрбиелік іс-шараларға қатыспай, өзінің алдағы өміріне немқұрайлы қарайтын.

    Кезекті әңгімелесу барысында Ғабит Ыдырысұлы оның техника жөндеуге ерекше бейімі бар екенін байқайды. Осы қабілетін дамытуға мүмкіндік жасап, түрлі білім беру және еңбекке баулу бағдарламаларына қатысуына қолдау көрсетеді. Біртіндеп жас азаматтың өмірге деген көзқарасы өзгере бастайды. Ол қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, отбасымен қайта байланыс орнатады. Ең бастысы – өзінің қоғамға қажет адам екенін түсінеді.

    Жаза мерзімі аяқталған соң ол тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастайды. Біраз уақыттан кейін мекеме ұжымына алғыс хат келіп түседі. Хат авторы кезінде өзіне сенім білдіріп, дұрыс жолды таңдауға көмектескен қызметкерлерге шынайы ризашылығын жеткізген еді.

    Осындай сәттерді Ғабит Ыдырысұлы қызметінің ең үлкен жетістігі деп санайды.

    — Әр адам қателесуі мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – сол қатені түсініп, түзелуге ұмтылу. Егер біздің жұмысымыз бір адамның тағдырын жақсы жаққа өзгертуге ықпал етсе, онда еңбегіміздің ақталғаны, — дейді ол.

    Әріптестері оны білікті маман, талапшыл басшы және адам жанының нәзік қырларын түсіне білетін азамат ретінде жоғары бағалайды. Оның бойындағы сабырлылық, әділдік пен жауапкершілік қасиеттері ұжым арасында зор құрметке ие болуына негіз болған.

    Қызметтен тыс уақытта Ғабит Ыдырысұлы отбасының ортасында болғанды ерекше бағалайды. Ол – ардақты әке, өнегелі отбасы иесі. Жұбайымен бірге бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Қызының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оған адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық және Отанға деген сүйіспеншілік секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіруге тырысады. Оның пайымынша, әрбір әкенің басты міндеті – баласына дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмірде өз орнын табуға көмектесу. Отбасының қолдауы мен жылуы оған қызметте де күш-қуат беріп, жаңа белестерді бағындыруға жігер береді.

    Көп жылғы мінсіз қызметі, кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы арқылы әділет подполковнигі Бердішев Ғабит Ыдырысұлы қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Оның еңбек жолы – адал қызметтің, жауапкершіліктің және адам тағдырына бейжай қарамайтын жанашырлықтың жарқын үлгісі.

    Осындай өз ісіне берілген офицерлердің еңбегі қоғамның қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, тағдыр тәлкегіне түскен азаматтардың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.