
Бүгін Қаратал ауданында аудан әкімінің орынбасары А. Оңғаровтың төрағалығымен нашақорлықтың профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аудандық ведомствоаралық штабтың кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыс барысында аудан аумағында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту, жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, синтетикалық есірткілерді тарату арналарына мониторинг жүргізу, интернет кеңістігінде заңсыз контентті анықтау және бұғаттау бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында білім беру, денсаулық сақтау, ішкі саясат және жастар ресурстық орталығы тарапынан атқарылған жұмыстар талқыланып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары А. Оңғаров жауапты мекемелерге нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды күшейтуді, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.



