
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі сотталған тұлғалардың жаза өтеу тәртібін бақылап қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де ықпал етуде. Бүгінде облыс бойынша 75 азамат сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыстарды атқаруда.
Олар коммуналдық салада, елді мекендерді абаттандыруда және басқа да қоғамдық маңызы бар жұмыстарға тартылған. Мұндай еңбек азаматтардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға пайдалы ортаға қайта оралуына мүмкіндік береді.
Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған екі азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша сотталған. Сот үкімімен әрқайсысына 76 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалған.
Қазіргі таңда олардың бірі коммуналдық қызмет мамандарымен бірге ауылдық жерлердегі су есептегіштерін тексеру және орнату, құдықтар мен инженерлік желілерді қарау жұмыстарына қатысып жүр.
Оның айтуынша, қоғамдық жұмыстар өз өміріне жаңаша көзқараспен қарауға себеп болған.
«Жасаған ісіме өкінемін. Бұл жағдайдан үлкен сабақ алдым. Қазір өмірім біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Отбасыма көбірек көңіл бөліп, адал еңбек етуге тырысудамын. Тіпті бұрынғы жұмыс орнымнан қайта шақырту алдым. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі жаңа мүмкіндік. Жастарға айтарым – қателік жібермей, білім алып, өз болашақтарына жауапкершілікпен қарасын», – дейді ол.
Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Айхайбек Нақовтың айтуынша, қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардың жаза өтеу тәртібі тұрақты бақылауда.
«Қоғамдық жұмыстар – бұл тек жазаны орындау ғана емес. Бұл сотталғанның қоғамға қайта бейімделуіне, еңбекке араласып, өмірін оң бағытқа өзгертуіне мүмкіндік беретін маңызды құрал», – дейді бөлім бастығы.
Пробация қызметінің тәжірибесі көрсеткендей, қоғамдық жұмыстар көптеген азаматтардың өз қателіктерін түсініп, жаңа өмір бастауына ықпал етуде. Бұл – жазаның тәрбиелік мәнін арттырып, қайта қылмыс жасаудың алдын алуға бағытталған маңызды тетік.



