
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған аналар мен әкелерге балаларының арнайы дайындаған бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
Іс-шара барысында ата-аналар экраннан өз балаларының жүзін көріп, олардың жүрекжарды тілектері мен сағынышқа толы сөздерін тыңдады. Балалардың шынайы ықыласы мен ата-аналарына деген сүйіспеншілігі көптеген қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Мекеме психологтарының айтуынша, мұндай кездесулер мен бейнебайланыс форматындағы іс-шаралар сотталғандардың психоэмоционалдық жағдайына оң ықпал етіп, отбасы құндылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.
Осындай тәрбиелік маңызы бар шаралар ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ сотталған азаматтарды түзелуге, заңға құрметпен қарауға және қоғамға қайта бейімделуге ынталандырады.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізіліп жатқан тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыстар аясында ұйымдастырылды.



