
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде қызметкерлердің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараны департамент бастығының орынбасары, әділет полковнигі Есболат Ағлепесұлы ашып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде балалардың амандығы мен бақытты балалық шағы – қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, оларға зор денсаулық, қуаныш пен жарқын болашақ тіледі.
Іс-шара барысында балалар үшін түрлі ойындар мен қызықты сайыстар ұйымдастырылып, мультфильм көрсетілді. Сонымен қатар, мерекеге қатысқан бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында балаларға тәттілер мен дәмді тағамдардан мерекелік дастархан жайылып, олар көтеріңкі көңіл-күймен уақыт өткізді.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің сәнін келтіріп, іс-шараға қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Мұндай игі шаралар өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.



