
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Биыл аудан әкімдігіне 4,5 мың гектар жерді қайтару тапсырылған болатын. Алайда, бұл көрсеткіш бес айдың ішінде бірнеше есеге артығымен орындалды.
– 2026 жылға пайдаланылмай жатқан және нысаналы мақсатына сай игерілмеген 4,5 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару тапсырылған еді. Бес айдың ішінде жалпы аумағы 12 мың гектардан асатын жер мемлекетке қайтарылды, – деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Сондай-ақ, әкімдікте жер учаскелерін ауыл шаруашылығы айналымына тарту мақсатында екі конкурс өткізілгенін атап өтті. Нәтижесінде, жалпы аумағы 9,6 мың гектарды құрайтын 30-дан астам жер телімі шаруа қожалықтарын жүргізу үшін берілді.



