ҚР Жоғары аудиторлық палатасы IACA сыртқы аудиторлар алқасындағы жұмысын аяқтады

    ҚР Жоғары аудиторлық палатасы IACA сыртқы аудиторлар алқасындағы жұмысын аяқтады

    Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы 2024-2026 жылдарға арналған үш жылдық мандат аясында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияға (IACA) тәуелсіз сыртқы аудит жүргізудегі жұмысын аяқтады.

    Аталған кезеңде Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ләйлім Қашымова IACA-ға мүше басқа мемлекеттердің өкілдерімен бірге Академияның тәуелсіз сыртқы аудиторлар алқасының құрамында жұмыс істеді.

    Мандат шеңберінде қазақстандық тарап Академияның қаржылық есептілігіне жүргізілетін жыл сайынғы аудитке, сондай-ақ ұйымның қаржылық басқару жүйесі мен институционалдық тұрақтылығын одан әрі нығайтуға бағытталған ұсынымдарды әзірлеуге қатысты. Жұмыс тәуелсіз сыртқы аудиттің халықаралық стандарттарына, сондай-ақ функционалдық және ұйымдастырушылық тәуелсіздік қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды.

    Жоғары аудиторлық палатаның аталған механизм қызметіне қатысуы Қазақстанның ашықтық, есептілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы тиімді халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына бейілдігін растайды. Сонымен қатар бұл халықаралық ұйымдармен және өзге мемлекеттердің жоғары аудит органдарымен кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.

    Анықтама ретінде:
    Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия (International Anti-Corruption Academy, IACA) — штаб-пәтері Австрияда орналасқан халықаралық үкіметаралық ұйым. Академия сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мамандар даярлау, зерттеулер жүргізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған. Оның құрамына әлем бойынша мемлекеттер мен серіктес ұйымдар кіреді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.