Қарақия ауданында ауқымды облыстық форум өтті

    akimat-karakiya·
    Қарақия ауданында ауқымды облыстық форум өтті

    12 маусым күні Қарақия ауданының орталығы-Құрық ауылында заманауи қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін арқау еткен «Әйел еңбегі-отбасы мен қоғам дамуының негізі» атты облыстық форум бастады. Аталған ауқымды шара Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының, Қарақия ауданы әкімдігінің және «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асып жатыр.

    Форумның басты мақсаты-әйелдердің отбасы мен қоғамдағы жасампаздық рөлін дәріптеу, олардың сан түрлі саладағы еңбек жетістіктерін кеңінен насихаттау және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мәселелерін тереңнен талқылау болып табылады. Сонымен қатар, шара мемлекетіміздің негізгі діңгегі саналатын отбасы институтын нығайтуға бағытталған озық тәжірибелермен алмасудың, жаңа идеялар мен сындарлы бастамаларға серпін беретін бірегей диалог алаңын қалыптастыруды көздейді. Заман ағымына сай әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мен олардың жасампаздық әлеуетін ел игілігіне жұмылдыру мәселесі бүгінгі жиынның басты өзегіне айналды.

    Аудан орталығында ұйымдастырылған бұл шараға өңірлік мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, облыс, қала және аудан әкімдерінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері арнайы қатысуда. Мұнымен қоса, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген «Әкелер Одағы», «Аналар кеңесі», «Ата-аналар комитеті» секілді қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, халық қалаулылары -депутаттар, ішкі саясат пен білім беру саласының білікті қызметкерлері бас қосты. Сондай-ақ, өңірдегі отбасын қолдау орталықтары мен жастар ресурстық орталықтарының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, белсенді азаматтық қоғам өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері, алтын құрсақты көп балалы аналар мен ауыл тұрғындары жиынның көрігін қыздырып, талқылауларға белсене араласуда.

    Форум аясында отбасы мен мансапты қатар алып жүрген заманауи әйелдердің жетістік жолдары, ауылдық жерлердегі нәзік жандылардың кәсіпкерлігін дамыту және ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлі төңірегінде салмақты ойлар айтылып, нақты ұсыныстар тұжырымдалуда. Құрық төріндегі бұл жиын өңірдегі отбасылық саясатты жаңа сапалық деңгейге көтеруге және әйелдер қауымының қоғамды жаңғыртудағы жасампаздық рөлін арттыруға зор ықпал етері сөзсіз.

    Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.