
Ақтау қаласының 4А шағын ауданындағы теңіз жағалауы аумағында жүргізілген мониторинг және бақылау жұмыстары барысында заңсыз түрде қайық айлағын салу фактісі анықталды.
Аталған заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қатаң ескерту жасалып, анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде толық жою жөнінде нұсқама берілді.
Сонымен қатар кәсіпкерге нысан орналасқан аумақты бастапқы қалпына келтіру, заңсыз орнатылған құрылымдарды демонтаждау, жағалау аумағын абаттандыру және санитарлық талаптарды сақтау міндеттелді. Уәкілетті органдар тарапынан нұсқаманың орындалуы бақылауда болады.
Қала аумағында жер учаскелерін, жағалау белдеулерін және қоғамдық кеңістіктерді заңсыз игеру мен құрылыс жұмыстарын жүргізуге жол берілмейтінін ескертеміз. Мұндай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.
Құрметті қала тұрғындары мен кәсіпкерлер!
Қаланың сәулеттік келбетін сақтау, қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын орындау – баршаға ортақ міндет. Заң талаптарын сақтауға және кез келген құрылыс немесе абаттандыру жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарын алғаннан кейін ғана жүргізуге шақырамыз. Заң талаптарын бұзу жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі



