Өмірзақ ауылында әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жобалары қарқынды жүргізілуде

    akimat-goroda-aktau·
    Өмірзақ ауылында әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жобалары қарқынды жүргізілуде

    12 маусым күні Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиевтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Кездесуде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды.

    Биыл ауылда екі жаңа білім беру нысаны – «Рауан» тұрғын алабындағы 300 орындық «Келешек мектебі» және «Ақ желкен» тұрғын алабындағы 200 орындық «ULZHAN» жекеменшік мектебі пайдалануға берілді. Сонымен қатар Өмірзақ ауылынан 200 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысты қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

    Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы контейнерлік хаб құрылысы мен «Ойл Трансшипмент» компаниясының мұнай терминалы жобалары аясында жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

    Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік амбулаториямен қатар «Рауан» тұрғын алабында орналасқан жекеменшік «Еркемед» медициналық орталығы халыққа қызмет көрсетуде. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырды.

    - Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорттық үйірмелердің жұмысы жалғасып, «Оймаша» және «Рауан» тұрғын алаптарында балалар ойын алаңдары, футбол алаңдары мен воркаут алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге «Рауан» тұрғын алабында жаңа мешіттің құрылысы қолға алынып, оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.

    Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылда 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі мен 16 шаруа қожалығы жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиемен қамтылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «Рауан» тұрғын алабында ветеринарлық пункт пайдалануға берілді.

    Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аясында ауылды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 2 шақырым құбыр тартылды. Көшелерді жарықтандыру, жол белгілерін жаңарту, жолдарды күтіп ұстау және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда.

    - «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде сенбіліктер ұйымдастырылып, 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Ауылды көгалдандыру мақсатында ондаған ағаш көшеттері отырғызылып, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, — деді ауыл әкімі.

    Кездесу барысында тұрғындар ауыл әкіміне сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.

    Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.