
Кеңгірліктерді ағылшынша сөйлеткен
орталық өз жұмысын бастады
Жезқазған қаласы әкімінің қолдауымен өткізілген «Ең үздік бизнес жоба – 2019» байқауында Кристина Гуляс Кеңгір елдімекенінде балаларға арналған қосымша білім беру орталығын ашу идеясымен 600 000 теңгелік сертификатты иеленген болатын. Бүгінде өз жұмысын бастап кеткен орталық жұмысымен біз де кеңірек танысқанды жөн көрдік. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратында орын тепкен орталықта 25 бала ағылшын тілінен білім алуда. Екі ай көлемінде жұмыс істеп бастаған орталық жұмысының таныстырылымына Жезқазған қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ботакөз Мұхиден мен Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму» бағдарламасының Қарағанды облысы бойынша өкілі Қанатбек Зертүймеев қатысып қонақ болды. Жиын барысында Кристина Гуляс орталықтың ашылу жұмысына тоқталды.
– Ағылшын тілін білу – біздің заманымыздағы басты қажеттіліктердің бірі. Соған орай, ауыл балаларына жастайынан ағылшын тілін үйреткенді жөн көрдік. Қазіргі таңда біздің балалар кіші және 8-12 жас аралығындағы балалар болып екі топқа бөлініп аптасына екі реттен ағылшын тілін үйренеді. Бүгінге дейін кеңгірлік балаларға ағылшын тілін тегін үйренулеріне жағдай жасаудамыз. Жеңіп алған грантқа оқу орталығына қажетті құрал-жабдықтар, кітаптар алдық. Орталығымыз бұдан әрі де кеңейіп, дами беретіндігіне сенеміз, – деді жас кәсіпкер.
– Мен Жезқазған гуманитарлық колледжінде ағылшын тілін меңгеріп шықтым. Бұған дейін Жезқазған қаласында мектепте жұмыс істедім. Кейіннен осы орталық ашылуына орай жұмысымды осында ауыстырдым. Міне, қазір балаларға ағылшын тілін үйретудемін. Бұл жерде балаларға барлық жағдай жасалған. Олар әлі кішкентай. Бұл олардың ағылшын тілін тез үйреніп, тез қабылдауларына үлкен әсер етеді. Мен оларға сабақ барысында көптеген әдіс-тәсілдер мен ойын түрлерін пайдаланып, қызықты әрі пайдалы мағлұматтармен бөлісуге тарысамын, – дейді орталықтың ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақбаян Байдаринова.



