
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты Мемлекет басшысы ізгілік қағидаттарын іске асыруға және азаматтар мен бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған шара ретінде әкімшілік және қылмыстық рақымшылық жасауға бастамашылық жасады.
Осы бастаманы іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді.
Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санаттары бойынша айыппұлдар түріндегі әкімшілік жазаларды орындаудан босатуды көздейді.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бағыты бойынша әкімшілік рақымшылық бәсекелестік және тауар биржалары саласындағы жекелеген құқық бұзушылықтарға қатысты болады.
Сөз жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159 (5-6-б.), 160 (1-б.), 161, 162, 163, 163-1,
185 және 268-баптарда көзделген құқық бұзушылықтар туралы болып отыр.
Бұл ретте әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ қайталама әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қолданылмайды.
Рақымшылықты іске асыру үшін Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі пайдаланылатын болады. Заң күшіне енгеннен кейін жүйе автоматты түрде рақымшылыққа жататын адамдардың тізбесін жасайды.
Шешімдер электрондық форматта қабылданып, уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын болады. Рақымшылықты қолдану туралы ақпарат азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне цифрлық сервистер және СМС-хабарламалар арқылы жеткізілетін болады.
Қазіргі уақытта Заң жобасын Мәжіліс қабылдап,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберді.
Заң күшіне енгеннен кейін Агенттік заңнамада белгіленген мерзімдерде көзделген тетіктерді іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдайтын болады.