Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 72-бабының 2, 3 және 4-тармақтарына сәйкес кредиторлардың борышкерге қоятын талаптары кредиторлар талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей мәлімделуге тиіс.
Көрсетілген мерзім өткеннен кейін мәлімделген кредитор талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне (бұдан әрі – КТТ) енгізіледі, алайда мұндай кредитор бір айлық мерзімде мәлімделген талаптар толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады. Мұндай талаптар оңалтуды басқарушы тарапынан талап мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Осыған байланысты, қолда бар берешек сомасы кредитор қарыз сомасын КТТ-ға енгізу туралы талап қойып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана борышкердің кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілуі мүмкін.