Қазақстан Республикасы «Ішкі су көлігі туралы» Заңының 1-бабы 10) тармақшасына сәйкес, кеме – шағын көлемді кеме болып табылмайтын, ішкі суларда жүзетін кеме, кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздігінен жүзетін немесе өздігінен жүзбейтін жүзбелі құрылғы. Оған «өзен-теңізде» жүзетін кемелер, паромдар және техникалық флот кемелері (қалқымалы крандар, су түбін тереңдетуші және су түбін тазартушы қондырғылар және т.б.) жатады.
Аталған Заңның 15-бабы 7-тармағына сәйкес, кеме жасау өнімдерін шығару және кемелерді жөндеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларда Кеме қатынасының тіркелімі (бұдан әрі – КҚТ) беретін сәйкестік құжаты болуы тиіс
Кемелерді салу үшін, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 13 мамырдағы № 276 бұйрығымен бекітілген «Кемелерді жасауды және материалдар мен бұйымдарды дайындауды техникалық байқау қағидасының (бұдан әрі – Құрылыс қағидалары) 63-тармағына сәйкес, ұйымдар Кеме қатынасының тіркелімінен тану туралы куәлік алуы тиіс.
Құрылыс қағидаларының 47-тармағына сәйкес, ұйым тану туралы куәлік алу үшін www.egov.kz немесе www.elicense.kz электрондық үкімет порталдары арқылы өтінім береді (өтінім нысаны – осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген).
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар, оның ішінде процеске, нысанға, мазмұн мен нәтижеге қойылатын сипаттамалар, сондай-ақ көрсетілудің ерекшеліктеріне байланысты басқа да мәліметтер Құрылыс қағидаларына 3-1-қосымшаға (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006993#z2460) сәйкес «Ұйымдар мен сынақ зертханаларын техникалық куәландыру» мемлекеттік қызметінің стандартында көрсетілген.
Құрылыс қағидаларының 47-2-тармағына сәйкес, өтінімді қарағаннан кейін КҚТ ұйымға куәландыру және қажет болған жағдайда сынақ жүргізеді. Куәландыру жүргізетін қызметкер ұйым ұсынған мәліметтердің шынайылығына және оның мәлімделген қызмет түрлерін орындау қабілетіне көз жеткізеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 213 бұйрығымен бекітілген «Ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптау қағидасының 2-тармағына сәйкес, КҚТ сыныптау қызметіне техникалық құжаттаманы қарау және келісу, материалдар мен бұйымдарды дайындау мен кемелердің құрылысын техникалық қадағалау және оларға сынып беру кіреді.
Кемені салу аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 216 бұйрығымен бекітілген «Пайдаланылатын кемелерді куәландыру қағидасының 1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, кеме бастапқы куәландыруға ұсынылып, КҚТ техникалық есепке қоюға жатады.
Қосымша ақпарат және кеңес алу үшін сіз КҚТ 8 (7222) 32-72-45 телефоны арқылы хабарласа аласыз. |