Қызметтік тергеп-тексеру мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылығының жасалу мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде анықтау мақсатында ол туралы материалдарды және мәліметтерді жинау мен тексеру қызметтерімен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылығының жасалу мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде анықтау мақсатында ол туралы материалдарды және мәліметтерді жинау мен тексеру жөніндегі қызмет қызметтік тергеп-тексеру болып табылады. Мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң тәртіптік терiс қылық жасағаны туралы мәлiметтер: жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, құқық қорғау органдары мен өзге мемлекеттiк органдардың материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, тәртіптік теріс қылық жасаған адам жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтiк жазбахаттары не ұсынулары және өзге де материалдар қызметтік тергеп-тексеруді тағайындауға негіз болып табылады. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер мемлекеттік әкімшілік қызметшіні лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамға (бұдан әрі – уәкілетті адам) жасалған теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті адамның актісімен тағайындалады. Қызметтiк тергеп-тексерулер:
1) мемлекеттiк әкімшілік қызметшi еңбекке уақытша жарамсыз болған;
2) мемлекеттік әкімшілік қызметші демалыста немесе iссапарда болған;
3) мемлекеттік әкімшілік қызметші мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындаған уақытта оны өз лауазымдық міндеттерін орындаудан босатқан;
4) мемлекеттік әкімшілік қызметші даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болған;
5) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне ол сот тәртібімен шағым жасаған кезеңде, сондай-ақ қызметтік тергеп-тексеруді тағайындауға негіз болып табылатын мәселе сот тәртібімен қаралған жағдайларда;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген төтенше жағдай ретінде түсінілетін еңсерілмейтін күш әсер еткен;
7) қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпарат беру туралы сұрау салу мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберілген кезеңде тоқтатыла тұрады.
Қызметтiк тергеп-тексеру уәкілетті адамның шешімімен тоқтатыла тұрады және қайта жалғастырылады. Қызметтiк тергеп-тексеру барысында персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу жүктелген адамдар өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан мемлекеттік әкімшілік қызметшіден жазбаша түсініктемені талап етеді, тәртіптік терiс қылықтың жасалу мән-жайларына және тергеп-тексерудiң өзге де негiздерiне қатысты барлық материалдар мен мәлiметтердi жан-жақты әрi толық жинайды. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген мемлекеттік әкімшілік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен таныстыруға тиіс.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшi жазбаша түсiнiктеме беруден немесе қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысқанын өз қолын қойып растаудан бас тартқан жағдайда, персоналды басқару қызметiнің (кадр қызметінің) жұмыскерлерi не қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу жүктелген адамдар тиісті акт жасайды, ол қызметтік тергеп-тексеру материалдарына қоса тіркеледі.
Жинақталған материалдар тиісті уәжді қорытындымен бірге Комиссияның қарауына ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен
бекітілген "Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары"
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1500000152