Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қағидаларының 3-1-тармағына сәйкес, Зардап шеккендердің ең минималды сұранысын қанағаттандыру үшін қажетті мынадай мүлік өтеледі:
1) осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген тұрғын үй, пәтер немесе уақытша (маусымдық) тұруға арналған құрылыс;
2) ауылшаруашылық жануарлары;
3) тағамды сақтауға және дайындауға арналған заттар – тоңазытқыш, газ плитасы (электр плитасы) және ыдыс-аяқ шкафы;
4) тамақтануға арналған жиһаз заттары – үстел мен орындық;
5) ұйықтауға арналған жиһаз заттары – кереует (диван);
6) азаматтарға хабар беру құралдарының заттары – теледидар (радио);
7) киім күтіміне арналған заттар – кір жуғыш машина;
8) сумен жабдықтау және жылу беру құралдарының заттары (орталықтандырылған сумен жабдықтау және жылу беру болмаған жағдайда) – су беруге арналған сорғы, су жылытқыш және жылыту қазандығы (тасымалды пеш);
9) осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген тұрғын үйлердің, пәтерлердің немесе уақытша (маусымдық) тұруға арналған құрылыстардың жылу бөлетін құрылғыларына арналған тұрмыстық отын қоры;
10) мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруын қамтамасыз ететін арнайы құрал – кресло-арба.
Осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың 3) – 10) тармақшаларына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу келтірілген залал мөлшерінің бағалануына сәйкес жүзеге асырылады, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.