Биологиялық препаратты тіркеу рәсімі бойынша ақпарат беру
Өсімдік қорғау саласындағы заңнамаға сәйкес биологиялық препараттар пестицидтер ретінде жіктеледі және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 4-4/61 бұйрығымен бекітілген Пестицидтерді тіркеу (шағын учаскелік және өндірістік) сынақтарын өткізу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес мемлекеттік тіркелуге тиіс. Пестицидтерді тіркеуді Комитет «Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), пестицидті, қауіптілігі төмен биологиялық препаратты уақытша тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) шеңберінде «Е-лицензиялау» МДБ АЖ порталы арқылы жеке және заңды тұлғаларға тегін негізде жүзеге асырады. Қағидалардың 37-тармағына сәйкес, шағын учаскелік және өндірістік сынақтар, биологиялық, шаруашылық, токсикологиялық-гигиеналық және экологиялық бағалаулар жүргізілген, тіркеу досьесі алынған және қоршаған ортаны қорғау мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі алынған пестицидтер мемлекеттік тіркелуге тиіс. Биологиялық заттар негізіндегі пестицидтерді тіркеу процесі 12 ай бойы (бір толық вегетациялық кезең) жүреді. Пестицидке берілетін тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі 10 (он) жылды құрайды. Қолданылу мерзімі өткеннен кейін пестицидті қайта тіркеу Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Пестицидтердің шағын учаскелік және өндірістік сынақтарын бекітілген жоспарларға сәйкес аккредиттелген орындаушы ұйымдар жүргізеді, бұл ретте оларды өткізу шығындарын тіркеуші (өтініш беруші) төлейді. Тіркеу сынақтарын орындаушы ұйымдардың тізбесін Комитет жыл сайын олардан түсетін өтінім-хаттар негізінде қалыптастырады. Сонымен қатар, пестицидтерді мемлекеттік тіркеуге қойылатын талаптар, соның ішінде процестің сипаттамасы, тіркеу куәлігін беру нысаны, мазмұны мен тәртібі, сондай-ақ өзге де мәліметтер Қағидаларда және Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (жоғарыда аталған Қағидаларға 11-қосымша) баяндалғанын хабарлаймыз.