Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі ашылды

    Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі ашылды

    Астанадағы Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында Ақмола облысы креаторларының жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Жәрмеңкенің ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

    Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары өңір шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдармен, авторлық топтамалармен және жергілікті брендтердің өнімдерімен таныса алады.

    Іс-шарада креативті экономиканың заманауи бағыттарына ерекше назар аударылған. Арнайы іс-шаралар аймағында IT, digital және медиа жобалар, сондай-ақ робототехника, ойын әзірлеу, жасанды интеллект, туризм және киберспорт салаларындағы стартаптар таныстырылды.

    Екі күндік бағдарлама барысында келушілер дәстүрлі қолөнер мен сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Атап айтқанда, көрпе, жастық және құрақ бұйымдарын жасау, ұлттық музыкалық аспаптар мен аяқкиім әзірлеу, ағаштан, металдан және сүйектен бұйым жасау тәсілдері үйретіледі. Сонымен қатар жүнді құрғақ әдіспен басу және бейнелеу өнері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі.

    Жоба аясында жәрмеңкеге қойылған өнімдерді сатып алуға да мүмкіндік бар. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде креаторлар жалпы сомасы 5 миллион теңгенің өнімін сатты.

    Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында жұмыс істейтін мыңнан астам субъект тіркелген. Өңірде зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, сән индустриясы, қолөнер, сондай-ақ IT және digital жобалар қарқынды дамып келеді.

    Ақмола облысы Creative Aimaq жобасын алғаш болып бастаған өңір атанды. Аталған жобаны Креативті индустрияларды дамыту қоры Мемлекет басшысының креативті индустрияны қолдау шараларының кешенін әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырып отыр.

    Бастаманың негізгі мақсаты – өңірлердегі креативті индустрияларды дамыту, шығармашылық кәсіп иелерін қолдау және Қазақстан өңірлерінің креативті әлеуетін таныстыратын бірыңғай алаң қалыптастыру.

    Өтетін орны: Qazaq Creative Hub
    Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2
    https://2gis.kz/astana/geo/70030077083740265/71.44464,51.103351

    Өтетін күндері: 2026 жылғы 13-14 маусым
    Уақыты: сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін
    Кіру тегін

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.