
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында «Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің қызметімен танысты.
Мекеме мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсіру бағытында жұмыстар жүргізеді. Бекітілген аумақтағы негізгі орман құраушы ағаш түрі – қара сексеуіл. Оның өңірдегі шөлейттену процесінің алдын алуда және табиғи экожүйелерді сақтауда маңызы зор.
Министрге 2021–2025 жылдары ормандарды молықтыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды. Аталған кезеңде 10 мың гектардан астам аумақта орман дақылдары жұмыстары жүргізіліп, 17,6 млн данадан астам отырғызу материалы пайдаланылды.
Сондай-ақ Министр Алаботы орманшылығында орналасқан, жалпы ауданы 37 гектар уақытша орман питомнигінің қызметімен танысты. Питомникте орманды қалпына келтіру жұмыстарына пайдаланылатын қара сексеуіл мен ұсақ жапырақты қарағаш көшеттері өсіріледі.
Жұмыс сапары барысында қара сексеуіл тұқымын дайындау, мекемені отырғызу материалымен қамтамасыз ету, сондай-ақ орман күзетінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар орман шаруашылығы, орманды қалпына келтіру және өртке қарсы іс-шараларды жүргізуге қажетті техниканы беру және оны тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
Сапар қорытындысы бойынша материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту, орманды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын арттыру, орман дақылдарына тиісті күтім жасау және мемлекеттік орман қорының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.



