ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысына қатысты

    ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысына қатысты

    Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Жезқазған қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым - қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырысына қатысты.

    Іс-шара өңірлік ғылымды дамыту, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ оларды индустрияның технологиялық міндеттері мен өңірлердің нақты қажеттіліктерін шешуге бағыттау мәселелеріне арналды. Отырыс барысында тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын басқару, инновациялық технологияларды енгізу, өндірістік процестерді цифрландыру, минералдық-шикізат ресурстарын ұтымды пайдалану және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды.

    Министр өз сөзінде экологиялық әл-ауқат экономикалық өсімнің сапасымен және азаматтардың өмір сүру деңгейімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи ресурстарға түсетін жүктеме артып отырған қазіргі жағдайда ғылыми негізделген шешімдерге көшу практикалық қажеттілікке айналып отыр.

    «Қуатты өңір-бұл тек жолдар, зауыттар мен жұмыс орындары ғана емес. Бұл сондай-ақ таза қоршаған орта, суды, жерді, орман мен жайылымдарды ұқыпты пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау. Мұның бәрі үшін жергілікті жерде нақты ғылыми шешімдер қажет», - деді Ерлан Нысанбаев.

    Отырыс барысында Ұлытау облысының экологиялық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министр Қазақстанның әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтті. Бір өңірде қалдықтар мәселесі өзекті болса, келесі бір аймақта су ресурстары, жердің тозуы, орман жағдайы, шаңды дауылдар немесе биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Осыған байланысты өңірлік ғылым нақты аумақтардың проблемаларына барынша жақын болуы тиіс.

    Мысал ретінде Ұлытау облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі айтылды. 2025 жылы өңірде 114 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық түзілген, алайда оларды сұрыптау және қайта өңдеу іс жүзінде жолға қойылмаған. Осыған орай заманауи қайта өңдеу технологияларын, цифрлық есепке алуды және ғылыми негізделген шешімдерді енгізудің маңызы зор.

    Министр сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында цифрлық құралдарды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, цифрлық платформалар, шығарындылардың автоматтандырылған мониторингі және қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі дамытылуда.

    Сонымен қатар Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын қалыптастыру, орман шаруашылығын дамыту және ақбөкен популяциясын орнықты басқару бағытындағы ғылыми бағдарламалардың іске асырылып жатқаны атап өтілді. Министрдің айтуынша, мұндай зерттеулер өңірлік ғылымның басқарушылық шешімдер қабылдаудағы практикалық маңызын көрсетеді.

    «Ғылым тек есептер мен ғылыми жарияланымдарда қалып қоймауы керек. Олжергілікті жерде, өңірде, адамдардың өмірінде жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін ғалымдар, әкімдіктер, министрліктер мен бизнес өкілдері нақты міндеттерді бірлесіп шешу үшін жиі бас қосуы қажет», - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

    Министр өңірлік ғылымды дамыту аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың және заманауи экологиялық шешімдерді енгізудің маңызды құралы екенін жеткізді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.