Алматыда ауа сапасын бақылау жүйесі кеңейтіледі

    Алматы қаласының әкімдігі·
    Алматыда ауа сапасын бақылау жүйесі кеңейтіледі

    Мәслихат отырысында атмосфералық ауа сапасын бақылауға арналған 20 мобильді экологиялық станция сатып алу мәселесі қаралды.

    Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бүгінде Алматыда 16 стационарлық бақылау бекеті жұмыс істейді. Алайда олар қаланың барлық ауданын толық қамтуға және ластану көздерін жедел анықтауға мүмкіндік бермейді.

    Осы мәселені шешу мақсатында 20 мобильді экологиялық станция сатып алу жоспарланып отыр. Олардың басты артықшылығы – қаланың кез келген нүктесіне орналастырылып, ауа сапасы туралы деректерді нақты уақыт режимінде алу мүмкіндігі.

    Жаңа станциялар ауа сапасының қай жерде және қандай себептермен нашарлайтынын анықтауға көмектеседі. Атап айтқанда, көлік жүктемесінің әсері, өндірістік нысандардың қызметі немесе жеке секторда қатты отынды пайдалану салдарынан туындайтын ластану деңгейі бағаланады.

    Жиналған деректер нақты шешім қабылдауға негіз болады. Атап айтқанда, ластану көздеріне бақылауды күшейту, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру, қоғамдық көлікті дамыту, төмен эмиссия аймақтарын (LEZ) енгізу және жекелеген аумақтарды газдандыру шараларын іске асыру мәселелері қарастырылады.

    Сонымен қатар мобильді станциялар 2-ЖЭО-ын газға көшіру, қоғамдық көлік паркін жаңарту және жаңа экологиялық стандарттарды енгізу сияқты ірі экологиялық жобалардың тиімділігін объективті бағалауға мүмкіндік береді.

    Осылайша, жоба ауа сапасын бақылаумен ғана шектелмей, ластану көздерін анықтап, Алматыдағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін тиімді жүйені қалыптастыруға бағытталған.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.