
2026 жылғы 9 маусым күні Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №97 мектеп стадионында нашақорлыққа қарсы күрес айлығына арналған «RŪH MARAFON» XXII жыл сайынғы аудандық спартакиадасының салтанатты ашылуы және алғашқы жарыстары өтті.
Іс-шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «UAQYT» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Спартакиаданың ашылу салтанаты ауданның бос уақыт орталықтары тәрбиеленушілерінің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарламамен басталды. Жас өнерпаздар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Турнирдің негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру.
Салтанатты бөлімнен кейін «UAQYT» қоғамдық қорының бос уақыт орталықтарының тәрбиеленушілері арасында жүгіруден жарыс ұйымдастырылды. Қатысушылар спорттық дайындықтарын көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін паш етті.
«RŪH MARAFON» спартакиадасы аясында аудан жастары жыл бойы түрлі спорт түрлерінен бақ сынап, өзара достық пен командалық рухты нығайтуға мүмкіндік алады.



