
Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Биыл диқандар ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын шамамен 50 мың гектарға ұлғайтты, ал егілген алқаптардың басым бөлігінде көктеу кезеңі басталып үлгерді. Ендігі негізгі міндет – өнімді қорғау және мал азығын дайындау науқанына тыңғылықты әзірлену.

Көктемгі дала жұмыстарының қорытындылары, зиянкестерге қарсы күрес барысы және жемшөп дайындау жоспары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтің айтуынша, егіс жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жүргізілген.
— Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 1,2 миллион гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50 мың гектарға көп. Астық, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алқаптары ұлғайтылды, — деді ол.

Шаруашылықтар тұқым сапасына ерекше көңіл бөлді. Астық дақылдары егілген алқаптардың 90 пайызы жоғары репродукциялы тұқымдармен себілді. Сонымен қатар картоп өсіруде элиталық және бірінші репродукциялы тұқымдардың үлесі артқан.
Қазіргі уақытта егістіктің 92 пайыздан астамы көктеу кезеңінде. Мамандардың мәліметінше, ауа райы жағдайлары ауыл шаруашылығы дақылдарының өсіп-жетілуіне қолайлы болып отыр. Синоптиктердің болжамына сәйкес, шілде айында ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Ал тамыз айы біршама жылы әрі құрғақ болады деп күтілуде.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін аграршылар 101 мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш пен 825 мың литрден астам пестицид сатып алды. Шаруашылықтарға мемлекеттік қаржыландыру бағдарламалары арқылы қолдау көрсетілді. «Кең Дала» және «Кең Дала – 2» бағдарламалары аясында 253 ауыл шаруашылығы кәсіпорны қаржы алды. Бұдан бөлек, 259 шаруашылық техника сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ұсынылған қолдау шараларын пайдаланды.

Егіс науқаны кезінде өңірде шамамен 8,4 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және 10 мыңға жуық басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеді. Сондай-ақ шаруашылықтар жеңілдетілген бағамен дизель отынымен қамтамасыз етілді.
Кеңесте фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері де қаралды. Биыл үйірлі шегірткеге қарсы 80 мың гектардан астам аумақты өңдеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін қорғаныс шаралары шамамен 35 мың гектар жерде жүргізілді.
— Зиянкестер ошақтарын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жұмыстар жерүсті бүріккіштері, аэрозольдік генераторлар және аса жеңіл авиацияның көмегімен атқарылып жатыр, — деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы басшысы Жандос Ешмұханов.
Келесі маңызды кезең – мал азығын дайындау науқаны. Ауыл шаруашылығы жануарларының қыстан аман шығуын қамтамасыз ету үшін шамамен 2 миллион тонна шөп, сондай-ақ пішендеме, сүрлем және сабан дайындалуы қажет.

Өңірде мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайту және суармалы жерлердің аумағын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұл жемшөп базасын нығайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Ермағанбет Бөлекпаев егін жинау және жемшөп дайындау науқандарына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, техниканы және жанар-жағармай қорларын уақытылы әзірлеуді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
— Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде және тиісті ұйымдастыру деңгейінде орындалуы тиіс. Жазғы ауыл шаруашылығы маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы керек, — деп атап өтті облыс әкімі.



